«Шабыт» фестивалі: «Хореография» номинациясында 238 биші сайысқа түсуде – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

«Шабыт» фестивалі: «Хореография» номинациясында 238 биші сайысқа түсуде

08.11.2018

«Шабыт» фестивалі аясында «Хореография» номинациясы бойынша қатысушылар «Жастар» театрының сахнасында өнер көрсетуде. Қазақстанның өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінен келген 26 ұжым мен солистер, яғни 238 биші елордада халық билерін орындау бойынша жарысуда.

Аталмыш номинация бойынша қазылар алқасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қадиша Ағымбаева. Бұдан басқа, қазылар алқасының құрамында Шешенстан Республикасының халық артисі, барша әлемге танымал «Вайнах» ансамблінің көркемдік жетекшісі Аднан Мажидов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі Нұрлан Каметов, «Шалқыма» халық биі ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Абдурасул Есекеев, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Айгүл Күлбекова бар.

– Қазылар алқасының мүшелерінің барлығы да бұрын биші болған. Әрқайсысының хореографияда мол тәжірибесі бар. Біз екінші турға 12 ұжым мен солистерді таңдадық. Қатысушылардың дайындық деңгейлері әртүрлі. Өте мықты бишілер де бар, ал кейбірі байқаға салғырт қараған, дайындықтары нашар. Біз де, қарапайым көрермен де биді жай тамашалап қана қоймай, оны бағалау үшін әдемі болғанын қалаймыз. Номердің костюмдері де, музыкасы да, хореографиясы да, би барлық жағынан үйлесіп тұрса, ол назардан тыс қалмайды, – дейді Қадиша Ағымбаева.

Хореограф Сырға Латыпова «Шабыт» фестиваліне «Шатық» халық биі ансамблімен бірге Қырғызстаннан келген екен. Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерінің шәкірттері фестивальде бұрын да бағын сынаған. Әр жылдары оның тәрбиеленушілері «Шабыт» лауреаттары атанса, бүгінде хореография өнерінің шеберлері және еңбек сіңірген педагогтар болып табылады.

– Бір жылдары «Шабытта» бағын сынап, жүлделі орындар алған шәкірттерім, бүгінде мәдениет және білім озаттары. «Шабыт» оларды өнер жолына жетеледі, олардың кәсіпқой ретінде қалыптасуына серпін берді. Республикада жастарға арналған осындай байқаулар мен фестивальдердің өткізілетіні жақсы. Себебі, бұл жастар шығармашылықтағы майталмандарды алмастырады, біз оларды дайындаймыз, жаңа есімдерді ашамыз, ұрпақтар сабақтастығы бар. Биыл 16-17 жастағы 17 биші келдік. Әрбір композицияны орындаған кезде менің шәкірттерім өздерінің дербестігін, ерекшелігін көрсетуге тырысты. Біз ойымызды іске асырдық деп ойлаймын, – деді қырғызстандық ансамбльдің жетекшісі.