«Шабыт» фестивалі: белгілі журналистер жас әріптестерімен өз шеберліктерінің құпиясымен бөлісті – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

«Шабыт» фестивалі: белгілі журналистер жас әріптестерімен өз шеберліктерінің құпиясымен бөлісті

08.11.2018

Биылғы «Шабыт» фестивалінің көптен күткен номинациясы байқау бағдарламасына соңғы рет алты жыл бұрын енгізілген «Журналистика» болды.

Журналистер үш секция бойынша бәсекеге түсті, атап айтқанда, жаңалықтар сюжеттері, бағдарламалық сюжеттер және деректі фильмдер мен интернет-ресурстар.

Қазылар алқасы да кілен мықтылардан құралған. Қазылар алқасының төрағасы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы бас редакторының орынбасары Қайрат Мұсақұлов. Ал оның әріптестері танымал тележүргізушілер Айгүл Мукей мен Қымбат Досжан, «Россия сегодня» ХАА Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы Виктор Панов, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Талғат Батырхан – қазылар алқасының мүшелері.

Конкурсанттарға берілген басты тапырма – елорданың 20 жылдығына және қаланың дамуына арналған материал дайындау. Үздік жұмыстар екінші турға жіберілді, онда журналистер «Шабыт» фестивалінің тыныс-тіршілігі жайлы айтуға тиіс болатын. Айгүл Мукейдің айтуынша, бағалау барысында жұмыстарда жаңалықтың болуы ескерілді, көрермендер, тыңдаушылар және оқырмандар оны жеңіл қабылдауға тиіс.

Қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сыныптары конкурстанттар үшін тағы да бір сый болды. Атақты журналистер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жұмыста түрлі тосқауылдарды қалай жоюға болаыны жайлы әңгімеледі, практикалық кеңестер беріп, жалпы, қазіргі отандық журналистиканың жағдайын талқыға салды.

– Біз жұмыс істей бастаған кездегімен салыстырсақ, бүгінде журналистика өте қатты өзгерді, ол кезде баспасөз парақшалары, баспасөз хатшысы деген де болмаған. Тек қалам мен қағаз ғана, бәрін есімізде сақтап, істейтінбіз, – деді Талғат Батырхан.

Айжан Жайлаубаева фестивальге Талдықорғаннан келіпті. Ол «Огни Алатау» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

– Журналистерге арналған байқау туралы әлеуметтік желілерден білдім, сөйтіп, бағымды сынап көруге бел будым. Журналистерге осындай ауқымды байқауға мүмкіндік беріліп отырғаны жақсы. Біз тәжірибе алмасып, нағыз шеберлерден сабақ алдық, – деді ол.

«Журналистика» номинациясында жүлделі орындардан басқа, қазақ жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы атаулы премия, елорда әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасының және Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен радиосы атынан арнайы сыйлықтар да табысталады. Соңғы аталған сыйлықтың иегері ТМД мемлекеттерінің бірінің астанасында тағылымдамадан өтіп, SputnikPro бағдарламасы бойынша жас журналистерге арналған тренингтерге қатысу мүмкіндігіне ие болады.