Қаллеки театры Мәскеуде Халықаралық театр форумына қатысады – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

Қаллеки театры Мәскеуде Халықаралық театр форумына қатысады

30.11.2018

Мәскеу қаласында өтетін XVI Халықаралық «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬ» Театр форумына Астана қаласы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры У.Шекспирдің «ОТЕЛЛО» трагедиясымен қатысады. Қойылым режиссері, Қазақстанның Халық артисі, профессор – Талғат Теменов.

Пьесаның қақтығысы жүректегі сенімнің, махаббат пен қызғаныштың қайшылықты сезімдеріне негізделген. Ягоның ашкөздігі мен кез-келген жолмен мансап сатысына көтерілу мақсаты Кассионың адалдығы мен қос ғашық Отелло мен Дездемонаның таза және шынайы махаббаттарынан әлдеқайда күштірек.

Отелло рөлінде театрымыздың талантты актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев өнер көрсетсе, Дездемона бейнесінде нәзіктігі мен сұлулығы бір арнада тоғысқан жас актриса Ақмарал Танабаева, өз кейіпкерінің ішкі жан күйзелісін көрермен жүрегіне жеткізеді. Ұнамсыз Яго кейіпкерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтің тамаша темпераментті ойынынан тани аласыздар. Брабанционы Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов кейіптейді.

«Отелло» шығармасында трагедия жанрының негізгі заңдары айқын байқалады: үміттердің құлдырауы, шындықты өзгертудің мүмкін еместігі, басты кейіпкерлердің өлімі.

XVI Халықаралық «ЗОЛОТОЙ ВИТЯЗЬ» Театр форумына Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия мемлекетінен театр ұжымдары қатысады. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры театры “ТЕАТР – БОЛЬШАЯ ФОРМА” номинациясы бойынша 2 желтоқсан күні Мәскеу қаласы, А.Джигарханян театрының сахнасында өнер көрсетеді.