ІІІ Қысқы жастар ойындарында Астана шайбалы хоккейден жеңімпаз атанды – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

ІІІ Қысқы жастар ойындарында Астана шайбалы хоккейден жеңімпаз атанды

06.02.2019

Астанада жастар арасында өткен III Қысқы жастар ойындарында шайбалы хоккейден жарыс өз мәресіне жетті. 2004-2005 ж.т. жасөспірімдер арасындағы кездесулер 30 қаңтар мен 5 ақпан аралығында «Барыс» СК ұйымдастырылды. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Алматы және Ақмола облыстарынан және Астана, Алматы мен Ақтөбе қалаларынан 8 команда шеберлік байқасты. Елордалық құрама сапында №10 спорт мектебінің хоккейшілері өнер көрсетті.

«Астана» командасы жарыста үздік нәтижеге қол жеткізіп, Жастар ойындарының алтын жүлдесіне ие болды. Турнир иелері ешкімге есе жібермей 21 ұпай жинаған. Ақтық жарыста хоккейшілер Қарағанды облысының командасымен күш сынасты. Кездесу тартысты өтті, қарсылас мықты болғанымен, кездесу 3:2 есебімен елордалықтардың пайдасына шешілді.

– Жарыс жақсы өтті. Барлық қарсыластарымызбен бірдей күйде ойнадық. Мақсатымыз – жеңіске жету болды! Қысқы жастар ойындарында бірінші орын алу мен үшін де, бүкіл команда үшін де, біздің мектебіміз үшін де аса маңызды. Төрт жылда бір рет өтетін жарыста өнер көрсету – үлкен құрмет, оның үстіне, бірінші орын алдық! Біз клубтың атын шығаруға тырыстық, бұл ойымыз жүзеге асты деп ойлаймын, – деді «Астана» командасының шабуылдаушысы Богдан Петроченко.

Айта кетейік, ІІІ Қысқы жастар ойындарының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының командасы екінші орын алса, Қарағанды облысының хоккейшілері қола жүлдені қанағат тұтты.