Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлттық құндылығымыздың асқақ бейнесі

07.02.2019

Мемлекет басшысы рухани мәселелерді көтерген аталмыш мақаласының мазмұны өте маңызды. Көшбасшы тарихқа терең үңіліп, қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі зор екендігін нақты дәлелдермен келтіріп отыр. Президент Ұлы даланың жеті қырын: 1. Атқа міну мәдениеті, 2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия, 3. Аң стилі, 4. Алтын адам, 5. Түркі әлемінің бесігі, 6. Ұлы жібек жолы. 7. Қазақстан – Алма мен қызғалдақтың отаны деп көрсетеді. Халық көкейінде жүрген талай-талай дүниелерді дөп басып айтқан, тарихи туындысы үшін Елбасына алғыс білдіремін. Барлық Түркі халқының алтын бесігі болған киелі Қазақстанның жаңа кезеңге сай дамуы аса маңызды екені даусыз. Білім мен ғылымды дамыту арқылы біз кемел болашаққа қарай нық қадамдар жасай аламыз.

Күллі түркі тілдес ел Қазақстанды «қара шаңырағы» ретінде танып, сол туыстық қарым-қатынасты дамыту және таланымызға бұйырған мәдени мұрамызды сақтап қалу үшін Елбасы бізге бірнеше ірі жобаларды ұсынып, оны жүзеге асырудың жолын да көрегенділікпен көрсетіп берді. Олардың ішінде рухани астанамыз – Түркістан, ежелгі Отырар тарихын қайта жаңғырту, түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру сияқты тың бастамалар бар. Тарихымызды түгендеуге қажетті дүниелерді тануға, табуға, түбегейлі зерттеуге мейлінше мән берілетін болмақ.

Мақалада көрсетілгендей, ұлтымыздың болмысына, дәстүріне, ділі мен тіліне, тарихтағы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қатысты болжам емес нақты деректер табуға жол ашылатыны көңіл қуантады. Сондай-ақ, батыр, қаһарман, ақын-жазушы тұлғаларымыз туралы тарихи кинолардың түсірілетіні де орынды. «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» – деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Иә, тарихты білу – ұрпақ алдындағы парызымыз, ол ертеңіміз үшін аса қажет. Бұл бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қаралады. «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз етеді және оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ел басының мақаласы дәл кезінде уақытпен үндесіп, ұлттық рухты оятып, тарихымызды әлемді шарлап, түгендегелі отыр.

Ежелгі мәдениетімізді көрсететін мұражайлар ашылады. Ал ескі Отырар қаласы қалпына келтіріліп, туристердің көзайымына айналмақ. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен төл тарихымызды бір жүйеге келтіруге үндейді. Яғни, құр тарихи деректер емес, жалпақ жұрт түсінетін мәдени дүниеге айналдыру мәселесін қозғайды. Қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, соны сақтап кейінгіге үйрету ұрпақтарының парызы. Ашқан жаңалықтарын, жеткен жетістіктерін кейінгіге аманаттап кетеді. Сол аманатты Елбасымыз түркі әлемінің бесігі Тәуелсіз Қазақстанның жастарына «Жастар жылын» жариялай отырып, шыққан тектерімен таныстырған мақала жолдап отыр. Біздің әлемдегі ешбір ұлттан кем емес екендігімізді дәлелдейді. «Қазақстандықтар өзінің ұлы тарихымен мақтануы керек.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызға қажеттінің барлығы қамтылған. Ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материялдар шаң басқан архивтермен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда мемлекет басшысының ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобаларды мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп, санауға болады.

Қорыта келгенде ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеп, атына қайта мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды.

Сейдімбек Салтанат Ақселеуқызы,

«Атамекен» Қазақстан картасы»

этно-мемориалдық кешені»

МКҚК директоры