Жастар жылы: Астанада студенттер арасында Универсиада өтеді

11.02.2019

13 ақпанда Астанада елордалық ЖОО студенттерінің арасында спорттық жарыстар өтеді. Қазақстанда Жастар жылын өткізуге орайластырылған Универсиада бұқаралық спортты дамытуға бағытталады. Шараны ұйымдастырушы – Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы.

Астана қаласының 13 ЖОО студенттері үздік университеттік спорттық команда атағын сарапқа салады. Атап айтқанда, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Астана медициналық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Еуразиялық гуманитарлық институт, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Тұран университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Назарбаев университет, Астана Университеті, М.Ломоносов атындағы МГУ қазақстандық филиалы және Қаржы академиясы.

Универсиадаға қатысушылар 18 спорт түрінен шеберлік байқасады: волейбол (ерлер), волейбол (қыздар), тоғызқұмалақ, шахмат, шаңғы жарысы, қысқы Президенттік көпсайыс, жазғы Президенттік көпсайыс, асық ату, шорт-трек, шағын футбол (ұлдар), шағын футбол (қыздар), гір көтеру спорты, қазақ күресі, армрестлинг, жеңіл атлеттік эстафета, стритбол (ұлдар), стритбол (қыздар) және үстел теннисі.

Алдағы жарыстарға Астана қаласының жоғары оқу орындарының спорттық дайындығы бар және медициналық тексеруден өткен құрама командалары (студенттер мен магистранттар) жіберіледі. Универсиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және сыйлықтармен марапатталады. Командалық спорт түрлерінен (стритбол, волейбол, шағын футбол) ойыншылар (ұлдар мен қыздар) «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылдаушы» сияқты үш номинация бойынша бағалы сыйлықтарға ие болады. Бұдан басқа, ең талантты жас спортшылар республикалық жарыстарға қатысу үшін елордалық құрама командаға қабылдануы мүмкін.

БАҚ НАЗАРЫНА!

Елордалық ЖОО студенттері арасындағы Универсиаданың ашылу салтанаты сәрсенбі күні, 13 ақпанда сағат 15.00-де Назарбаев университетінің спорт залында өтеді. Шара волейболдан ерлер арасындағы матчтық кездесулермен жалғасады.

Құрметті БАҚ өкілдері, Сіздерді бұқаралық спортты дамыту және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын іске асыру аясында өткізілетін жыл сайынғы Универсиатаның өту барысынан ақпарат таратуға шақырамыз.

МІНДЕТТІ ТҮРДЕ АККРЕДИТТЕЛУ КЕРЕК! Аккредиттелген журналистер тізімін astana_cultura@mail.ru электронды мекен жайына жолдау қажет, тел.: 55-69-71, Гүлшат Серікбекова.