Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры

14.03.2019

Қаллеки театры Қазақстанда ғана емес, шетелге де гастрольдік сапармен барып, спектакльдер қойып жүр, – деп хабарлайды sputniknews.kz.

Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада ашылды. Алғаш рет театр сахнасында Ғабит Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты” атты трагедиясы қойылды. Бұл қойылымды театрдың негізін қалаушы әрі дарынды режиссер Жақып Омаров сахналады.

Қаллеки театрына кімдер жетекшілік етті

Театр өзінің ең бірінші жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында өткен түркі тілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық “Туғанлақ” театрлар фестивалінде алды. Мұнда Шахмет Құсайыновтың “Алдар көсе” музыкалық комедиясы лауреат атанған болатын. Бүгінгі таңда көрермен көзайымына айналған киелі шаңыраққа 1991-1996 жылдары Жақып Омаров, 1996-1998 жылдары Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев, 1999-2009 жылдары кеңес одағының халық әртісі, “Халық қаһарманы” Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.

Театр репертуарындағы қойылымдар мен актерлік құрам

2011 жылы 14 желтоқсанда өнер ордасына “Мемлекеттік академиялық театр” мәртебесі берілді. Театр репертуары классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңа қойылымдармен толығып келеді. 

Театр репертуарында Мұхтар Әуезовтің “Абай”, Шыңғыс Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ түн”, “Аққудың көз жасы”, “Қызыл орамалды шынарым”, Серік Тұрғынбекұлының “Мұқағали”, “Шәмші”, Ұлықбек Есдәулеттің “Зере”, Алексей Дударевтің “Кеш”, Джон Патриктің “Қымбатты Памела”, Думан Рамазанның “Абылай ханның арманы”, Шерхан Мұртазаның “Бір кем дүние”, Альфонсо Вальехоның “Күн сәулесі түспеген”, Антон Чеховтың “Шие”, Қанат Жүнісовтің “Сәкен-Сұңқар”, Рақымжан Отарбаевтың “Әміре”, Жан-Мари Шевренің “Ізгілік формуласы”, Уильям Шекспирдың “Отелло”, Валенин Ежовтың “Тыраулап ұшқан тырналар”, Мұхтар Әуезов пен Қалихан Ысқақтың “Қараш-Қараш”, Олжас Жанайдаровтың “Жұт”, Антон Чеховтың “Шие”, Роза Мұқанованың “Сарра”, Сұлтанәлі Балғабаевтың “Ең жақсы еркек”, Асахмат Айларовтың “Сүрінген сүрбойдақ”, Кен Кизидің “7+1”, Рэй Кунидің “Туған күн”, Фурио Бордонның “Қардағы көгершіннің ізі”, Эркин Хушвақтовтың “Қызыл алма”, Мар Байжиевтің “Тіл табысқандар” сынды қойылымдар бар. Сондай-ақ, балаларға арнап “Ер Төстік”, Мария Машадудың “Күлше қыз” және Талғат Теменовтің “Ырылдақ күшік” сынды қойылымдарын театрда тамашалауға болады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында режиссерлер — Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов пен Әлімбек Оразбеков қызмет етеді. Қазіргі директоры — Айболат Сексенбаев, көркемдік жетекшісі — режиссер, профессор Талғат Теменов. Актерлік құрамында 59 актер жұмыс істейді. Олар — Қазақстанның халық әртістері — Гүлжан Аспетова, Тілектес Мейрамов, Қорлан Қалиламбекова; Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері — Рымкеш Омарханова, Нұрзада Ташимова, Жұмагүл Мейрамова, Жанат Чайкина;

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері — Түймехан Атымтаева, Омар Ақыш, Қылышбай Гүлбаршын, Бақыт Исабекова, Айман Аймағамбет, Күлия Қожахметова, Лейло Бекназар-Ханинга, Кеңес Нұрланов, Боранбай Молдабаев, Мейрам Қайсанов, Ерлан Малаев, Алтынай Нөгербек, Нүркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Айнұр Бермұхамбетова, Сырым Қашқабаев, Жанқалдыбек Төленбаев; ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері Ботагөз Мақсұтова, ҚР “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері — Жасұлан Ерболат; Қазақстан “Серпер” Жастар одағы сыйлығының иегерлері — Сая Тоқманғалиева, Таңсұлу Баталова, Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев, Олжас Жақыпбек.

Сондай-ақ, театр және кино әртістері — Майра Омар, Зибагүл Карина, Ержан Нұрымбет, Самат Байыров, Бақыт Жұмғұлова, Бақытгүл Батырханова, Сұлтан Асхат, Аманжол Молдахмет, Бұғыбай Қасымхан, Жәнібек Мұсаев, Алимов Дастан, Айшолпан Ибраева, Айман Карпсейітова, Гаухар Жүсіпова, Жанар Қасымова, Айнұр Жетпісбаева, Нұрсұлтан Есен, Әбілмансұр Серіков, Ақмарал Танабаева, Алтынгүл Серкебаева, Инабат Әбенова, Айкөркем Тұранова, Ерсін Айтмұқаш, Ерғұлан Жанпейісов еңбек етеді. Ал театр оркестрінің құрамында 22 адам жұмыс істейді.Театр тек Қазақстанда емес, шетелде де өнер көрсетіп жүр. 2000 жылы Германия Федеративтік Республикасының үлкен бес қаласына гастрольдік сапармен барды. Бұдан кейін 2001 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында Астана қаласы театрының онкүндігін өткізу шарасына атсалысты. 2002 жылы Астана қаласының Мәскеуде өткен өнер күндерінің аясында “Мосовет” сахнасында Ғабит Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян Сұлу” спектаклін сахналады. 2012 жылы 10-16 қараша аралығында Түркия Мемлекетінің Стамбул, Анкара қалаларында Думан Рамазанның “Кенесары — Күнімжан” драмасын түрік тілінде сахналап қайтты. Қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болды. 

Театр иеленген республикалық және халықаралық жүлделер

Терең мағыналы қойылымдарға бай театрдың ғасырдан астам уақыт ішінде алған жүлдесі мен марапаты да аз емес.

2010 жылдың қаңтар айында Иран Республикасының Тегеран қаласында мәдениет институтының ұйымдастыруымен өткен Фаджр атындағы халықаралық театр фестиваліне Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” шығармасымен үздік деп танылды. Спектакльдің қоюшы режиссері — халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов. 
Осы жылы Қарағанды қаласында өткен ХVІІ республикалық театр фестивалінде режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналаған “Үйлену” спектаклі жүлделі II орынды иеленді.

Мұнымен қатар, қыркүйек айында театр Тараз қаласында өткен республикалық ХVIII Қазақстан театрларының фестиваліне Алексей Дударевтің “Кеш” драмасымен барып, гран-при иеленді. Қойылымның режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болды.

2011 жылдың 25-27 наурызы аралығында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және халықаралық театр күніне арналған “Театр көктемі — 2011” республикалық аймақтық театрлар фестивалінде “Сен үшін” комедиясы “Ең үздік қойылым” номинациясын жеңіп алды. Спектакльдің авторы — Еркін Жуасбек, қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

2011 жылдың 23-26 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде Думан Рамазанның “Кенесары-Күнімжан” драмасы “Ең үздік ұлттық авторлардың драматургиясы үшін” және актер Сырым Қашқабаев “Ең үздік ер адам бейнесі” номинацияларын жеңіп алды.2012 жылдың 16-24 қыркүйек аралығында Орал қаласында өткен Әзірбайжан Мамбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XX республикалық фестиваліне Ғабит Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты” трагедиясымен қатысып, “Қадыр Мырзалиев атындағы” арнайы сыйлықты және Науан бейнесін сомдаған актер, ҚР халық әртісі Тілектес Мейрамов “Ең үздік ер бейнесі” номинацияларын иеленіп қайтты. Қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

2013 жылдың 23-29 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXI республикалық фестиваліне Шерхан Мұртазаның “Бір кем дүние” драмасымен қатысып, “Ең үздік актерлік ансамбль” номинациясын иеленіп келді.

2014 жылдың 15-18 мамыр аралығында Павлодар қаласында өткен қайраткер, тұлға, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына арналған “Алаш Ардақтысы” аймақтық театр фестиваліне Әкім Таразидің “Люстра” шығармасының желісі бойынша сахналанған “Үкілі жұлдыз фарс” трагедиясымен қатысып, гран-приді жеңіп алды. Спектакльдің қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

2014 жылы V Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестиваліне Жан Ануйдың “Жалын жұтқан Жанна ДꞌАрк” драмасымен қатысып, гран-приді иеленді. Сондай-ақ, актриса Айнұр Бермұхамбетова “Ең үздік әйел бейнесі” номинациясына ие болды.

2015 жылы Өскемен қаласында өткен XXIII республикалық театрлар фестиваліне Валентин Ежовтың “Бұлбұлдар түні” пьесасының негізінде сахналанған “Тыраулап ұшқан тырналар” атты лирикалық драмамен қатысып, “Үздік режиссерлік шешім” номинациясына ие болды. Қойылым режиссері — Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.

2015 жылы 29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында Мәскеуде қаласында XIII халықаралық “Золотой Витязь” театр форумында “Тыраулап ұшқан тырналар” лирикалық драмасымен қатысып, гран-при иегері атанды. Сондай-ақ, қойылым барысында өз өнерлерін ортаға салған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов — полковник Лукьянов, актер Әбілмансұр Серіков — Пернебек Боранбаев, актриса Ақмарал Танабаева — Инга рөлдері үшін “Золотой Витязьдің” алтын дипломанттары атанды.2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Орта Азия мемлекеттерінің “Қазақстан — Еуразия жүрегі” VI халықаралық Қазақстан драма театрларының фестиваліне Антон Чеховтың “Шие” спектаклімен қатысып, гран-при жүлдесін ұтып алды.

2017 жылы маусым айында Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен түркі халықтарының XIII “Наурыз” халықаралық театр фестиваліне Антон Чеховтің “Шие” комедиясымен қатысып, театр сарапшыларының жоғарғы бағасын алды. 2018 жылы Мәскеу қаласында өткен XVI халықаралық “Золотой витязь” театр форумына “Отелло” трагедиясымен қатысып, қазылар алқасының шешімімен “Золотой витязь” гран-при иегері атанды.

Театр актері мен актрисаларының марапаттары

Театрдағы жалпы ұжым ғана емес, жекелеген актер мен актрисалар да түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған-ды. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, кино және театр режиссері Талғат Теменов II дәрежелі “Достық” орденімен марапатталды. Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова “Астана — 20 жыл” мерекелік медалімен, SAMGAU VI халықаралық театр фестивалінде Үздік актриса номинация иегері атанды.

27 наурыз халықаралық театр күні “Шәмші” қойылымы үшін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов Астана қаласының бұрынғы әкімі Әсет Исекешевтің алғыс хатымен марапатталды.

Astana Film Academy ұйымдастырған мемлекет мақтанышы 2018 сыйлығында Нүркен Өтеуілов “Үздік актер” номинациясына ие болды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса Алтынай Нөгербек “Анаға апарар жол” фильміндегі ана рөлі үшін “Мемлекеттік сыйлық” иегері атанды.

Мұнымен қатар, ҚР еңбек сіңірген актрисасы Нұрзада Ташимова “Құрмет” орденімен марапатталды. Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев және Олжас Жақыпбек ҚР “Серпер” Жастар одағы сыйлығының иегері атанды.

Астананың 20 жылдығына орай еліміздің өңірлерінде өткен “Ақ тілекпен, Астана” атты Астана қаласының мәдени күндерін ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін қала әкімі Бахыт Сұлтановтың атынан “Алғыс хатпен” театр директоры Айболат Сексенбаев пен директордың орынбасары Қуаныш Қалымов марапатталды.