Үрмелі оркестр елорда тұрғындарын Мүслім Магомаевтың туындыларымен таныстырады

11.04.2019

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Үрлемелі оркестрінің ұйымдастыруымен, сәуір айының 12 күні сағат 19.30-да «Мүслім Магомаев» атты кеш өткізеді. Ұжымның бас дирижері – Ербол Мамыров. Дирижер – Мұхаммед Мұса.

Өтетін орны: «Астана» концерт залы. Мүслім Магомаев – музыка тарихынан ойып орын алған ерекше тұлға. Оның зор дауысы, қайталанбас табиғи таланты талайды тамсандырған. Ол асқан дарынының арқасында әлемге танылды. Ең әуелі Баку консерваториясының музыкалық мектебінде оқыған Мүслім кейін Әзірбайжан консерваториясын бітіреді. Ал, 1962 жылы Кремлдегі Съезд сарайында әзірбайжан өнер фестивалінің соңғы күнінде концертке қатысып, бүкіл Кеңес одағына әйгілі болады. Кейін, араға бір жыл салып яғни 1963 жылы Чайковский атындағы концерт залында Мүслім Магомаевтың алғашқы концерті өтеді.Елдің ыстық ықыласына бөленген Мүслім 1973 жылы КСРО халық әртісі атағын иеленеді. Ол тек қана ән айтып қоймай «Низами», «Поёт Муслим Магомаев» және «Москва в нотах» сынды фильмдерге түсіп, фильмдердің музыкасын жазып, 20-дан астам әндерді дүниеге әкелген.

Үрлемелі оркестрдің «Мүслім Магомаев» атты концертінде әлемге әйгілі өнерпаздың репертуарына енген сүйікті туындылар шырқалады.

«Мүслім Магомаев ерекше тұлға. Мен оны талант, танымалдығы жағынан аңызға айналған Френк Синатрамен салыстырар едім. Мүслім Магомаев үшін өміршең туындыларды орындау өте-мөте маңызды болатын. Оған арнап Арно Бабаджанян, Александра Пахмутова, Вано Мурадели, Василий Соловьев-Седой, Николай Добронравов, Роберт Рождественский сынды ақын, композиторлар ән жазғаны бізге мәлім. Тіпті, Мүслім Магомаевтың өзі де ән шығарған. Соның ішінде ең танымал болғаны «Синяя вечность». Бұл концертте Моцарттың «Фигароның үйлену тойы», Россинидің «Севильский цирюльник» Чайковскийдің «Евгений Онегин» т.б. туындылар орындалады» – деді Мұхаммед Мұса.

Мүслім Магомаевтың музыкасы, өнері ешқашан көңілден кетпейді. Демек ұлы тұлғада мәңгі жүрегімізде қалары бек ақиқат!