Astana Art Show үздік әлемдік суретшілердің еңбектерін ұсынады – Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

Astana Art Show үздік әлемдік суретшілердің еңбектерін ұсынады

15.05.2019

Биыл жазда Қазақстан теңдессіз қазіргі заманғы өнер орталығына айналады. 2 маусым мен 10 тамыз аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында, сондай-ақ Тәуелсіздік сарайында ASTANA ART SHOW-2019 көрмесі өтеді. Шарада әлемнің 15 мемлекетінен 40-қа жуық суретші – Contemporary Art жұлдыздары бас қосады. Көрме TSE Art Destination қазіргі заманғы өнер галереясымен және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылады. Экспозициялар көрме залдарында өткізілсе, бірнеше арт-объекті елорда көшелерінің көркін келтірмек.

Қазіргі заманғы өнер фестивалі аясында «Первый контакт» жастар көрмесі, сондай-ақ «Racing the Galaxy» халықаралық көрмесі өтеді.

«Первый контакт» жастар көрмесі 2 маусымда ашылып, 10 тамызға дейін жалғасады. Көрмеге 22 қазақстандық жас қылқалам шеберінің еңбегі қойылады. Олар арт-резиденция шеңберінде бір ай бойы белгілі қазақстандық және шетелдік суретшілердің түрлі дәрістері мен шеберлік сыныптарына қатысады, және кескіндеме, дыбыстық инсталляциялар, голограммалар, виртуалды шынайылық, стрит-арт және т.б. жанрларда өз туындыларын орындайды. Жастар көрмесінің кураторы – Әнуар Мүсірепов.

«Racing the Galaxy» халықаралық көрмесінде Микеланджело Пистолетто (Италия), Леандро Эрлих (Аргентина), Joel Andrianomearisoa (Мадагаскар а.), :mentalKLINIK (Түркия), Асхат Ахмедьяров (Қазақстан) және басқа да танымал қазақстандық және шетелдік суретшілердің еңбектері көпшілік назарына ұсынылады. Жоба жетекшілері – ARTIOS және TSE Art Destination негізін қалаушылар Дина Байтасова және барша әлемге танымал француз кураторы әрі халықаралық арт-директор Жером Санс. Жером Санс әйгілі Palais de Tokyo-ның (Париж) тең құрылтайшысы болып табылады және өткен жылы Бейжіңде Улленс қазіргі заманғы өнер орталығының басшысы болған.

«Racing the Galaxy» көрмесі Елорда күні қарсаңында 4 шілдеде ашылады және 10 тамызға дейін жалғасады.

ASTANA ART SHOW 2019 қазіргі заманғы өнер саласының ғана емес, сонымен қатар мәдени әралуандылық көкжиегін кеңейтеді. Суретшілерге тән номадизм мен еркіндік рухы түрткі болған аталмыш шара елордада екінші рет ұйымдастырылады.

ASTANA ART SHOW 2019 аясында көркемдік экспозициялар мен тегін білім беру бағдарламасы, атап айтқанда шеберлік сыныптары, воркшоп, дәрістер, отбасылық серуендер және т.б. ұсынылады.