Елордалық хоккей мектебі Қазақстанда үздік деп танылды – Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

Елордалық хоккей мектебі Қазақстанда үздік деп танылды

15.05.2019

Шайбалы хоккейден «Астана»-2004 командасы (А тобы) Өскеменде ақтық ойындарда жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Елордалық №10 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (№10 МБЖСМ) шәкірттері қорытынды кезеңде ешкімге есе жібермей, алтынға қол жеткізді. Өскемендік «Торпедо» күміс медальмен екінші орынға тұрақтады. Ал, «Барыс»-2005 командасы шайбалы хоккейден ел чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.

Осы жеңістің арқасында №10 МБЖСМ еліміздің үздік хоккей мектебі атанды.

Айта кетейік, 2018/2019 маусымда №10 МБЖСМ хоккейшілері 28 кездесу өткізді, оның ішінде бір рет қана жеңіліс тапқан. Команда 75 ұпай жинап, 188 шайбаны қарсыласының қақпасына дөп тигізген.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары үздіктер қатарынан да табылды. Шабуылдаушылар ішінде елордалық команда капитаны Темірлан Китаров көш бастады. Оның еншісінде гол+пас жүйесі бойынша 58 (25+33) ұпай. Ал, қорғаушылар арасында №10 МБЖСМ өкілі Дмитрий Бреус 49 (24+25) ұпаймен бірінші орын алды.

Астаналық хоккей мектебінің бұдан өзге де жетістіктері бар. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Хоккей мектебі 2014/2015 маусымда да үздік деп танылған болатын.