Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері елордада концерт өткізеді

05.06.2019

7 маусымда сағат 18.00-де елордалық «Жетісу» саябағында Қазақстан халқы Ассамблеясының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтеді. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары 16 этномәдени бірлестіктің артистерінің өнерін тамашалайды. Шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

5 мамыр – 2 маусым аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қалалық саябақтарда Жастар жылына орайластырылған концерттер өткізілді. Алдағы гала-концертте артистердің үздік номерлері көпшілік назарына ұсынылады. Шараға «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы, «Радуга» орыс әндері ансамблі, «Вайнах» шешен-ингуш ұжымы, «Возрождение» неміс қоғамы, «Оберег» украин қоғамы, «Колхети»грузинқоғамдық-мәдени орталығы, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, «Радима» беларусь этномәдени орталығы, «Алеф» еврей қоғамы, Дала аймағы казактар одағының өкілдері, сондай-ақ, поляк, өзбек, қырғыз, ұйғыр, корей және башқұрт этномәдени бірлестіктері атсалысады.

Айта кетейік, шара халықтардың ана тіліндегі шығармашылығын дәріптеуге, елімізде тұрып жатқан этностардың салт-дәстүрлеріне құрмет көрсетуге, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің ұжымдарында жас таланттарды анықтауға бағытталған.