5-6 маусымда елордалық театр музыкалық комедияның премьерасын ұсынады

05.06.2019

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусым айының 5-6 күндері сағат: 19.00-де «КАБАРЕ ЖҰЛДЫЗЫ» музыкалық комедиясының премьерасын ұсынады. Театр жаңа қойылыммен XXVIII маусымын жабады.

«Кабаре жұлдызы» музыкалық комедиясы венгриялық композитор Имре Кальманның әлемге әйгілі «Сильва» опереттасы негізінде сахналанды.

Әлемдік театр репертуарынан түспей қойылатын таңдаулы туындыға театрдың жас буын артистері тартылған. Басты кейіпкерлер Сильваны – Гауһар Жүсіпова, Эдвинді – ҚР «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жасұлан Ерболат сомдайды.

Кабаре әншісі, қара халықтан шыққан Сильва мен ақсүйек, бай баласы Эдвин екеуінің махаббаты арқау болған музыкалық спектакльде көңілді, мерекелік атмосфера салтанат құрған. Музыкалық спектакльде зұлымдық иелері жоққа тән. Азаттық рухы мен шынайы махаббат көл-көсір әсем музыканың қабатымен жарқырай түседі.

Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НҰРЛАН ЖҰМАНИЯЗОВ. Спектальде арияларды артистер театрдың камералық оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындайды. Бас дирижер – Ерлан Бейсембаев.

Спектакльдің қоюшы суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері ҚАНАТ МАҚСҰТОВ. Хормейстер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері АМАНТАЙ ЖҰМАШЕВ. Хореограф – САЛТАНАТ ЖОЛЫМБАЕВА. Киім суретшісі – ШЫНАР ЕЛЕМБАЕВА. Музыка өңдеушісі – ҚР Халық артисі ХОРЛАН ҚАЛИЛАМБЕКОВА. Концертмейстер – ТАТЬЯНА РАЗВИНА.