Нұр-Сұлтанда Ұлттық Домбыра күніне мыңға жуық адам қатысты

07.07.2019

Бүгін, 7 шіледе, Нұр-Сұлтанда Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Биыл «Қазақ Елі» монументінің жанындағы алаңға халық күйлерін орындау үшін мыңға жуық адам жиналды. Шараға қатымушылардың жасы бойынша шектеу қойылмады. Сахна төрінде «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбыраун» және «Көреғұлы» күйлері орындалды.

Ұлттық Домбыра күніне арналған концертке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

«Құрметті отандастар! Ең алдымен, Сіздерді Ұлы мереке – Ұлттық Домбыра күнімен құттықтаймын! Бұл ұлттық құндылығымызды дәріптейтін мереке. Тарихынан, ұлттық салт-дәстүрлерін жоғалтқан халықтар бар екені баршамызға аян. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында біздің тарихымыз қайта жанданып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы концертте.

«Бүгінде қасиетті домбыра батырларға рух берген, ақындарға шабыт сыйлаған басты құндылығымызға айналуға тиіс», – деді Президент.

Бүгінгі шараға Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айгүл Қосанова, Клара Төленбаева және басқа да мәдениет қайраткерлері атсатысты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Айтқали Жайымов, Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов және т.б. импровизациялық оркестрге дирижерлік етті.

Концерттік бағдарлама аясында жиналған қауым күй тыңдап қана қоймай, елордалық музыка мектептерінің шәкірттерінің өнерін, «Жастар» театрының тарихи қойылымын тамашалады, сондай-ақ ақындар айтысы ұйымдастырылды. Бұдан басқа, «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда тігілген киіз үйлерде этнографиялық музей ашылды. Танымал күйшілердің домбыраларының экспозициясы, ҚР танымал ұлттық музыка аспаптарын дайындайтын шеберлердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, жартылай киіз үйлерде ұлттық аспаптармен және оларды жасау технологияларымен танысу мүмкіндігі жасалды.

Айта кетейік, Домбыра күні мерекесі бүгін кешке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ – домбыра» концертімен жалғасады. Көрермендер Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрінің, солистерінің және вокалистерінің өнерін тамашалайтын болады. Концерттің басталуы сағат 17:00, кіру – тегін.

Ұлттық домбыра күні елордамызда осымен екінші мәрте аталып өтілді. Бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті Нұрслұтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген болатын. Мұндай мерекенің күнтізбеден орын алуы барша қазақ халқы үшін елеулі әрі тарихи оқиға.