Елордада Спорт күніне арналған бұқаралық велошеру өтеді

14.08.2019

Алдағы демалыс күндері Қазақстанда Спорт күні аталып өтіледі. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғысына сәйкес дене шынықтыру қызметкерлерінің төл мерекесі тамыз айының әрбір үшінші жексенбісінде тойланады. Бұл күні Нұр-Сұлтанда бұқаралық велошеру ұйымдастырылады. Шараға 16 жастан асқандардың барлығы қатыса алады. Спортшылар Қабанбай батыр даңғылынан «Салтанат Сарайына» дейін, одан әрі Ұлы Дала көшесімен, Тұран даңғылының бойымен Орталық саябаққа дейін (сызбасы тіркелген) 14 км қашықтықты бағындырады. Қатысушыларды тіркеу сағат 08:30, велошеру – сағат 10.00-де басталады.

Жарыс соңында мәреде тіркелген қатысушылар арасында велосипедтер ұтысы өткізіледі.

Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасы Спорт күніне арналған велошеруді жыл сайын ұйымдастырады. Оған 1000 аса әуесқой және кәсіпқой спортшы қатысады.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! Әуесқой жарысқа өз велосипедіңізбен қатысу керек.

Айта кетейік, 18 тамызда велошеру кезінде сағат 10:00-11:30 аралығында спортшылардың жолында көлік қозғалысы жартылай шектеледі (яғни, Қабанбай Батыр даңғ., Ұлы дала көшесі мен Тұран даңғ.). Жүргізушілерден осыны ескеріп, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауларын сұраймыз.