Астанада ашық аспан астында өтетін концертке Ninety One, Джиган және Дима Билан қатысады

18.05.2018

Елорда әкімдігі Астананың 20 жылдығына орай қала тұрғындары мен қонақтарына тағы да бір тарту жасамақ. 29 мамырда Астанада ашық аспан астында «Ұлы дала бірлігі» атты концерт өтеді. Бүгінде осындай Open Air шоу-концерттерді өткізу игі дәстүрге айналған. «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда хиттері танымал музыкалық рейтингтерден орын алған отандық және ресейлік шоу-бизнес жұлдыздары өнер көрсетеді.

Сахна төрінде Қайрат Нұртас, Айқын, Мәдина Сәдуақасова, Әлішер Кәрімов, Ерке Есмахан, Ringo тобы, сондай-ақ көрермендердің көзайымына айналған Ninety One тобы және т.б. ән шырқайды.

Бұдан басқа, Дима Билан, Юлиана Караулова, Сергей Лазарев, Анна Седокова, Натан, Анна Семенович, Джиган, Елена Темникова, Тимур Родригез, Макс Барских, Миша Марвин, «Градусы» тобы, Artik & Asti және т.б. сынды ресейлік артистер мерекеге орай Астанаға жылы лебіздерін білдіреді.

Алты сағат бойы жанды дауыс, таңқалдырарлық арнайы эффектілер, жарқын және позитивті эмоция! Кеш жүргізушілері – өздерінің жарқын әзілдерімен танымал Азамат пен Антон, Айнұр Ільясова және Азат Әбікен. Концерт сағат 17.00-де басталады және 23.00-ге дейін жалғасады.

Астанадағы Open Air концерті 4 жылдан бері Елорда күні қарсаңында өткізіліп келеді. Өткен жылы танымал орындаушылар концерті 1 маусымда ұйымдастырылып, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңға 50 000 аса адам жиналған болатын.

Жүргізушілердің назарына! Шараның өткізілуіне байланысты 26-30 мамыр аралығында Тәуелсіздік даңғылының Нәжімеденов көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.

Көрермендерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 29 мамырда сағат 16:00-ден бастап №№ 3, 4, 14, 19, 21, 29, 32, 40, 50 және 100 маршруттардың жүру қарқыны артады және қозғалыс уақыты сағат 00:00 дейін ұзартылады.

Келесі пункттер бойынша әдеттегі бағамен арнайы автобус қатынастары ұйымдастырылады – Жастар сарайы, ІІМ ғимаратының жанындағы тұрақ, Астаналық цирктің жанындағы тұрақ ( Қорғалжын тасжолы жағынан). Сонымен қатар, көрермендерді жеткізуді қамтамасыз ету үшін концерт өтетін күні сағат 22:00 бастап келесі аялдамалардан қалалық маршруттар жүретін болады:

* Тәуелсіздік дағ., Әзірет сұлтан мешіт аялдамасы, №№ 3, 4, 19, 26, 40 маршруттар.

* Нәжімеденов к-сі, «Нәжімеденов к-сі аялдамасы» №№ 21,32,50 маршруттар.

* А. Байтұрсынов к-сі (Аманжолов к-сі бағытында),«Шабыт өнер университеті» аялдамасы, №№3, 21, 29, 100 маршруттар.

Сонымен қатар, концерт барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шыны және пластик бөтелкедегі сусындарды әкелуге тыйым салынатынын көрермендердің ескергені жөн. Сұйықтықты тек пластик және қағаз стакандардан ғана ішуге болады. Алаңда тамақ пен алкогольсыз сусындар сататын орындар ұйымдастырылады.

Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы