Астананың ішекті аспаптар квартеті Оралда өнер көрсетеді

17.05.2018

Елорданың 20 жылдығына арналған Астананың Оралдағы мәдени күндері аясында мәдени іс-шаралар өтуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы төрт концерттік бағдарлама әзірледі. Бірінші күні музыка өнерін бағалаушылар елордалық ұжымдардың репертуарындағы үздік шығармалар орындалған екі концертті қатар тамашалады. 

Бүгін сағат 19:00-де «Нұр Отан» партиясының залында «Сарыарқа» халық музыкасы, эстрадалық би ансамбльдерінің, «Шалқыма» би ұжымының, сондай-ақ, классикалық және эстрадалық вокал әншілерінің қатысуымен «Астанадан ақ тілек» концерті өтеді. Музыканттар халық әндерін, терме, күйлер орындаса, мың бұралған бишілер түрлі биден шашу шашпақ. 

Осы уақытта Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында «Музыка Великой степи» бағдарламасы ұсынылады. Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті кеш барысында Шуберттің, Гайднның, Бородиннің, Жұбановтың, Жайымовтың, Махамбеттің, Желдібаевтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармаларын орындайды. 

Айта кетейік, ішекті аспаптар квартеті Қазақстандағы жалғыз кәсіпқой квартет. Оның қатысушылары квартеттік жанрдың ең үздік профессорларынан сабақ алған. 

18 мамырда «Нұр Отан» партиясының залында «Елордадан елге сәлем» атты гала-концерт өтеді. Кеш шымылдығын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік еткен Қазақ оркестрі «Көңілашар» күйімен ашады. Сонымен қатар, елордалық филармония әртістері өз өнерін ортаға салады. Концерттің соңында сахнаға Клара Төленбаева, Ринат Мальцагов және «Арт Домбыра» триосы шығады. 

Гастрольдің соңғы күні осы залда әртіс Көркем Шолошова Оралға Астанадан музыкалық сәлемін жеткізеді. «Қыз қиялы» атты жеке бағдарлама аясында К.Шолошова қазақ биінің және әлем халықтарының билерінің ең үздіктерін орындайды.