Граф Пьер Шереметьев «Шабыт» фестивалінде қазылар алқасының мүшесі – Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

Граф Пьер Шереметьев «Шабыт» фестивалінде қазылар алқасының мүшесі

08.11.2018

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліндегі басты номинациялардың бірі «Классикалық музыкада» жыл сайын жүздеген жас таланттың жұлдызы жанады. Бүгінде олардың есімдері Қазақстаннан тыс жерлерде белгілі.

Биыл аталған номинация бойынша 130 адам қатысуға ниет білдірген. Еске салайық, конкурсанттар номинацияның төрт бағытының бірін таңдайды: камералық ансамбль, ағаш және мыс үрмелі аспаптар, немесе соқпалы аспаптар.

– Жыл сайын конкурстың қандай болатынына мән бермейміз: скрипкалық немесе вокалды ма, біз барлық мамандықтар бірдей дейміз, олардың әрқайсысы өнер саласы үшін маңызды. Биыл камералық ансамбль, мыс, ағаш үрмелі және соқпалы аспаптарды таңдадық. Фестивальдің ерекшелігі де осында. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен танымал өнер иелерін, танымал тұлғаларды шақырамыз. Бұл жолы Ресей, Болгария, Беларусь, Англия, Франция, Америка және Германия мемлекеттерінен қазылар алқасының 25 мүшесі келді – деді «Классикалық музыка» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның халық артисі, профессор, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева.

Астанаға ат басын тіреген қазылар алқасының танымал мүшелерінің бірі Сергей Рахманинов атындағы Париж орыс консерваториясының ректоры граф Пьер Шереметьев. Белгілі меценат және өнер иесі конкурсанттардың кәсіпқойлығын ерекше атап өтті. Шетелдік мейманның сөзінше, олардың болашағы зор.

– Кандидаттардың дайындығына тәнтімін. Екінші турға өткен қатысушылар жасына қарамастан жоғары мәдени деңгейлерін көрсетті. Көз алдымда тұрған өз болашағы өз қолындағы өнерлі жастарды көргенде төбем көкке жетті. Кешегі күн жақсы болды, – деді ол.

Граф фестивальдің одан ары өсіп-өркендеуін тіледі, ол тек вокалист қатысушыларды көре алмағанына ғана өкінді.

– Мен өзім де ән айтамын, қазақстандық артистерді қызыға тыңдар едім, мұнда талантты жандар көп. Бибігүл Төлегенова деген керемет әншілерің бар. Оның байқауына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысқанмын. Онымен тағы да бір кездесуді армандаймын, – деді ол.