Елордада XII «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалінің қорытындысы шығарылды

11.07.2019

Елорда күніне арналған шараға әлемнің 13 мемлекетінен 60-қа жуық артист қатысты. Олардың қатарында, Ұлыбритания, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина және Қазақстан бар.

Биылғы фестивальде қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен қытайлық «Zhang Fan» (бос сым) номері Гран-при мен «Цирк өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» марапатына ие болды.

«Аса жоғары орындаушылық шеберлігі мен кәсібилігі үшін» алтын жүлде бірнеше қатысушыға табысталды. Атап айтқанда, Шымкент қаласынан (Қазақстан) келген цирк артисі Касаткин Олег жетекшілік еткен «Байқоңыр» номері, алматылық Әділет Тикановтың (Қазақстан) жетекшілігімен қойылған өтпелі баспалдақ номері, сондай-ақ, ресейлік эквилибр Федотова Олесяның «Ай арманы» атты доппен көрсеткен номері көш бастады.

Осы аталымда Рустам Хаметов (Өзбекстан) жетекшілік еткен «Өрлеу» арқанмен жүру номері, Макарова Джулия Игор, Малий Олексейдің (Украина-Англия) «Duo A & J» номері және Сергей Мұстафиннің (Қазақстан, Шымкент) «Guardian» номері күміс жүлде олжалады.

«Аса жоғары орындаушылық шеберлігі мен кәсібилігі үшін» қола жүлде Колодочкин Вадим (Ресей) жетекшілік еткен «Аттар бостандығы», Ежов Платонның (Ресей) «Қанат жайлы поэма», «Duo Moment of Love» Tchiu Hien Phuoc, Nguyen Thi Hoa (Вьетнам), Shehter Alisa (Израиль) «Torn», Lichner Bridge (Испания) «Solo Trapeze» цирк номерлеріне бұйырды.

Қазылар алқасының шешімімен бағдарлама қонағы, Корниловтар әулетінің өкілі, «Пілдермен жер жүзін айналып шығу саяхаты» аттракционының жетекшісі ресейлік Андрей Алексевич Дементьевке-Корниловқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан арнайы сыйлық табысталды.

Сонымен қатар, шараны ұйымдастырушылар қатысушыларға халықаралық қазылар алқасының мүшелерінің атынан да арнайы сыйлықтар дайындады.

Өзбекстандық Молдокматов Омурбек «Көгершіндермен иллюзиялық шоу» көрсеткені үшін және украиндық сайқымазақ Городицький Петр «Petrucho Nero» номері үшін «Астаналық цирк» МКҚК атынан арнайы сыйлық алды.

«Ереван мемлекеттік циркінің» бас директоры Сос Петросянның атынан арнайы сыйлық мысырлық Веаам Рашед Ахмед Хассанның «The Young Pharaon» номеріне берілді.

Алматылық Петр Дубинскийдің «Болат» экстремалды-күштік шоу (Қазақстан) номері Майамидің Фаербёрд продакшн компаниясының арнайы сыйлығына ие болды.

Ал, Қазақ Мемлекеттік циркінің директоры Н.А.Боқыбаевтың атынан арнайы сыйлық тәжікстандық Шарифзод Мухаммади Анвар орындаған «Таяқпен жүретін эквилибр» атты цирк номеріне ұсынылды.

«Цирк артистері қауымдастығы» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы – мүшесі Лолита Липинскаяның (Латвия) марапатын қазақстандық Нұрым Күленбаев жетекшілік еткен виртуоз жонглёрлардың «Сағат» номері иеленді. Мунх Ердене Мунхчимег пен Тсевеен Сурен Делгербаярдың (Моңғолия) «Мергендер», Рашед Ахмед Хассан Веаамның (Мысыр) «The Young Pharaon» және әуе гимнастшысы Галкина Оленаның (Украина) «Мәңгілік рок» атты цирк номерлері «Шымкент-Цирк» бас директоры Әлиев Арман Махмұтұлының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар, Алматы қаласының (Қазақстан) өкілі Әділет Тиканов жетекшілік еткен «Өтпелі баспалдақ» номерін орындаушылар Беларусь Мемлекеттік циркінің директоры Шабан Владимир Анатольевичтің атынан Минск фестиваліне шақыру алды.

Украина Мемлекеттік цирк компаниясының директоры және көркемдік жетекшісі Кабаков Сергей Борисовичтің атынан Мунх Ердене Мунхчимег пен Тсевеен Сурен Делгербаярдың (Моңғолия) «Мергендер» каучук номерлері, Тшю Хиен Фуок пен Нгуен Тхи Хоаның (Вьетнам) «Duo Moment of Love», Нұр-Сұлтан қаласының (Қазақстан) артисі Жұмат Жанмырзаевтың «Шырақшы» бос сым номері арнайы сыйлық алды.

Мұнымен қоса, «Латина» Халықаралық цирк фестивалі Президентінің атынан Shehter Alisa-ның «Torn» (Израиль) номеріне фестивальге шақыру берілді.

Үлкен Варшава циркінің директоры Ерж Козиактың арнайы сыйлығы ресейлік сайқымазақ «Чудик» Андрей Попыловскийге табысталды.

Ал, Никулин циркінің Мәскеу халықаралық жастар фестивалінің-байқауының директоры, РФ еңбек сіңірген артисі Борис Федотов Личнер Бриджді (Испания) «Соло-трапеция» номерімен фестивальге қатысуға шақырды.

Өзбек мемлекеттік циркінің директоры Мажидов Рустам арнайы сыйлығын қытайлық Жанг Фанға «Zhang Fan» және ресейлік Федотова Олесяның «Ай арманы» номерлеріне табыстады