Астанада «Қазақ аруы-2019» байқауы өтеді – Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы

Астанада «Қазақ аруы-2019» байқауы өтеді

18.03.2019

Ертең, 19 наурызда Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақ аруы-2019» ұлттық сұлулық байқауы өтеді. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен аталмыш шара үшінші рет өткізілмек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеу кезеңінде барша Қазақстаннан 16-22 жас аралығындағы 600-ден аса арудың өтінімдері қарастырылған. Кастинг қорытындысы бойынша ақтық сынға тек 16 қыз ғана қатысатын болды. Байқау шарттарына сәйкес, «Қазақ аруы-2019» атануға үміткерлер қазақ тілінде еркін сөйлеп, әдебиет, тарих салаларын, қазақ халқының слт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын білуге тиіс. Бұдан басқа, конкурсанттар сымбатты, бұрымды, ал бойлары кемінде 170 см болуы керек.

«Қазақ аруы-2019» байқауының бағдарламасы үш кезеңмен өтеді – шығармашылық, интеллектуалдық байқау және қазақстандық дизайнерлер киімдерінің көрсетілімі (дефиле). Арулар бір жарым айдан бері кәсіпқой мамандардың – хореографтардың, режиссерлердің, дизайнерлердің, визажистер мен стилистердің көмегімен байқаудың финалына дайындалып жүр.

«Қазақ аруы-2019» анықтау үшін әділ қазылар алқасы белгіленді, оның құрамына Айгүл Мукей, Динара Сатжан, Қарақат Әбілдина, Болат Мажағұлов, Ерік Жолжақсынов, Арман Сейтмамыт, жоба продюсері Баян Алагузова, «Қазақ аруы-2018» гран-при иегері Набира Рақымжан және т.б. енді. Қазылар алқасының төрайымы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Бірғаным Айтимова.

Іс-шара сағат 18:00-де басталады.

БАҚ назарына!

«Қазақ аруы-2019» ұлттық сұлулық байқауы шараларына қатысу және ақпарат тарату үшін МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ТІРКЕЛУ қажет! Тіркелу үшін журналистер тізімін astana_cultura@mail.ru электронды мекен жайына жолдаңыздар, сұрақтар бойынша мына номерге хабарласуға болады: 55-69-71.